Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері тұрғынның 25 қошқарын ұрлап кеткен екі күдіктіні қолға түсірді

Түркістан облысының полицейлері тұрғынның 25 қошқарын ұрлап кеткен екі күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын мал ұрлығы жөнінде шағымданды. Ер адам арызында әр қайсысының құны 70 мың теңге тұратын 25 бас қошқарын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге 1 млн 750 мың теңге шығын келген.

Тәртіп сақшылары ұрланған қойларды иесіне тауып беру мақсатында жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды тыңғылықты қарап шықты. Полицейлердің жедел жүргізілген іс-шараларының нәтижесінде, күдікті ретінде жұмыссыз жүрген 35-36 жастағы екі ер адамды ұстады. Олар көрші ауылдың тұрғындары болып шықты.

Белгілі болғандай, күдіктілер түнгі 3:00 шамасында жәбірленушінің қора жайына заңсыз кіріп, қорада тұрған қошқарларын айдап алып кеткен. Содан малдарды үйіне алып келіп, таныс туысына сатып жіберген. Ал одан түскен ақшаны өзара бөлісіп алған. Сондай-ақ тексеру барысында екі күдіктінің бұрын сотты болғандары анықталды.

Тәртіп сақшылар ұрланған қошқарларды тауып, заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі таңда екі ер адам қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру