Түркістанда ер адам құрылыс кранынан секіріп кетпек болды
Түркістан облысында полицейлер краннан секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін шамамен таңғы сағат 9.30-да Түркістан қалалық полиция басқармасының 102 пультіне белгісіз ер адам құрылыс кранына көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсауға тырысқаны туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден полицейлердің жедел-тергеу тобы мен прокуратура өкілдері шықты.
Полицейлер мен прокуратура өкілдері кранға шығып алған ер азаматқа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары өз-өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынның әрекетінің қауіпті екенін айтып, мұндай қадамға бару мүлде дұрыс емес екенін ұғындырды. Олар осылайша ер адамды көндіріп, төменге аман-есен түсірді.
Содан соң оны Полиция басқармасына жеткізді. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғынның өмірі мен денсаулығына төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ.
Аталған жайтты полицейлер Түркістан ҚПБ-да тіркеді. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері сақтық шаралары мен ҚР заңнамасын сақтауды ұсынады. Егер сіз осындай оқиғалардың куәгері болсаңыз, дереу 102 телефоны бойынша полицияға хабар беріңіз.