Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай полицейлер арасында байқау өтті

Түркістанда Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай полицейлер арасында байқау өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрылуына 30 жыл толуы қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өнерлі полицейлер арасында байқау ұйымдастырылды.

Мәдени-шығармашылық әлеуетті сақтау, қөркемөнерпаздықты дамыту және жеке құрамның бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатында өткізілген байқауға әрбір аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармалардың ән айтуға құмартатын тәртіп сақшылары қатысты.

Ал полицейлерге Түркістан облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, профессор журналист, композитор Бекжігіт Сердәлі, “Түркістан” телеарнасының шеф-редакторы Гүлжазира Матенова, ПД Кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, баспасөз хатшысы Гүлнәр Абдужаппарова төрағалық етті.

Полицейлер әуелетіп шырқаған патриоттық әндер әділ-қазылар мен көрерменнің көңілінен шықты. Қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын сақтауда аянбай еңбек етіп, темірдей тәртіппен жүретін полицейлердің қолына микрофон алғаны көбісін таңғалдырды. Яғни, өнер сайысына қатысушылардың жан-жақты дайындығы байқалды. Олар өздерінің әрбір қойылымында сегіз қырлы бір сырлы екендіктерін, отансүйгіш пен тілді құрметтейтіндігін көрсете алды.

Жалпы, Түркістан қаласы “Ақжайық” музыкалық мектебінде өткізілген көркемөнерпаздар байқауының негізгі мақсаты – жас және талантты полицейлерді таныту, полицияның оң имиджін қалыптастыру, сонымен қатар ең маңыздысы – ана тіліміздің мәртебесін нығайту.

Байқау соңында әрбір тәртіп сақшысының байқауға белсене қатысқан еңбегі еленіп, марапаттау рәсімі өткізілді. Жеңімпаздарға Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденовтің алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары табысталды.

Атап айтсақ, бірінші орынды Кентау қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицейі София Шегебаева, екінші орынды Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ақтолқын Кубегенова, үшінші орынды Түлкібас АПБ Патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы Медетхан Қадыр иеленіп, аталған үш жеңімпаз республикалық байқауға жолдама алды.

Сонымен қатар, жеке орындау бойынша төлебилік тергеуші полицей Мұхит Сүлейменов, дуэт орындаудан қазығұрттық учаскелік полиция инспекторлары Перизат Иманова мен  Икран Нұрхан, квартет орындаудан Жетісай АПБ-ның полицейлері ерекше көзге түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру