Түркістандық полицейлер 300-ге жуық қару иесін тексерді
Түркістан облысының полицейлері «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 300-ге жуық қару иесін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылғы 12-15 қазан аралығында облыс аумағында «Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстарды ашу, алдын алу, жолын кесу, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды заңсыз сақтаумен, дайындаумен айналысатын адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, сондай-ақ қару, оқ-дәрілерді заңсыз сақтау және сату деректерін анықтау болып табылады.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары Сарыағаш ауданында тұратын 219 қару иесін тексеріп, 12 қару иесіне қатысты қаруды сақтау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар заңсыз сақталған 2 ұңғылы 16 калибрлі қару тәркіленіп алынды.
Келес ауданында қаруды сақтау талаптарын бұзған 8 тұлға анықталып, оларға әкімшілік айыппұл салынды. Іс-шара барысында 5 азамат аңшы қаруларын ерікті түрде тапсырды.