Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлерге 250-ден астам жаңа қызметтік көліктер берілді

Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаменті жаңа көліктермен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қаласындағы тікұшақ алаңында өткен салтанатты шараға oблыс әкімі Дархан Сатыбалды мен ПД бастығы Мұрат Қабденов пен жеке құрам қызметкерлері қатысты. Бұл шарада полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктердің кілті табысталды.

Атап айтсақ, ҚР ІІМ мен жергілікті әкімдіктің қолдауымен өңірдің патрульдік полиция қызметкерлері – 94, учаскелік полиция инспекторлары – 64, уақытша ұстау изоляторы – 12, аудандардың тергеу бөлімі – 17, кезекші бөлімдер – 20 қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ қала, аудандарға автобустар мен автозактар үлестірілді. Жалпы жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін сақшылар үшін берілген жаңа көліктердің саны – 252.

Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. JPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады.

Салтанатты шарада облыс әкімі Полиция департаменті бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиімді шаралар қабылданғанын атап өтіп, құттықтау сөзін сөйледі.

– Полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық жабдықтау қылмыстың санын азайтуға септігін тигізуде. Осы ретте алдағы уақытта Президент пен Ішкі істер министрінің тапсырмалары мен нұсқауларын орындауға сенім білдіремін. Сервистік полицияны жүзеге асырып, жұртқа жақын болу мақсатындағы жұмыстар одан әрі жанданатын болады, – деді ПД бастығы Мұрат Қабденов.

Сондай-ақ полицейлердің қысқы маусымға дайындығы жіті тексерілді.

Салтанатты рәсім жаңа техниканың шеруі және жеке құрамның саптық байқауымен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру