Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанның бас полицейі қызмет бабында қайтыс болған полицейлердің жұбайларына шипажайға жолдама берді

Түркістанның бас полицейі қызмет бабында қайтыс болған полицейлердің жұбайларына шипажайға жолдама берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Полициясының 30 жылдығына байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен кең көлемді, елдің есінде қаларлық ерекше іс-шара өткізілді. Департамент бастығы Мұрат Қабденов барша полицейлерді мерекемен құттықтай отырып, қызмет атқару барысында жұлдызы ерте сөнген қызметтестерін ерекше сағынышпен еске алды.

Сондай-ақ, қиын да қауіпті салада еңбек ете жүріп, қаза тапқан полицейлердің жұбайларын арнайы қонақ етіп шақырып, құрмет көрсетті. Яғни, шараға Бағдәулет Елшінбеков, Мұхтар Сарыбаев, Рысбай Құдайбергенов, Айтжан Ғайбуллаев, Расул Наршабаев, Атымтай Ахметовтердің жұбайлары мен жақындары келді.

Түркістан облысы ПД бастығы аталған ақжаулықты аналарға гүл шоқтары мен ақшалай сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар, А. Ахметовтің жұбайы Гүлмира ханымға, Сарыағаш қаласындағы шипажайға жолдама тарту етті.

– Полиция қызметкері таңертең жұмысқа шыққанында, өзін алда не күтіп тұрғанын білмейді. Мүмкін ол қарулы қылмыскермен бетпе-бет келетін шығар. Мүмкін ұрыны, алаяқты ұстайтын болар. Ал күдіктілерді құрықтау кезінде оның полицейді жараламайтынына кепілдік жоқ. Десек те, халыққа қызмет етемін деп ант берген полицей, қандай жағдай болмасын өз жанын қиюға әзір. Бізде тарих беттерінде бұған дәлел болар оқиғалар жетерлік. Олардың ерлігі әрқашан біздің жадымызда, – деп атап өтті өңірдің бас полицейі.

Түркістан облысының полицейлері бүгінгі күннің батыры саналатын, аталмыш полицейлердің есімдерін, олардың отбасын тек мереке күндері ғана емес, әрдайым қолдап, қал-жағдайларын біліп отыруды дәстүрге айналдырған. Ер есімі – ел есінде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру