Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындардың чаттарына қосылды

Елордада учаскелік полиция инспекторлары тұрғындардың чаттарына қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша халықпен байланыс орнатушы негізгі тұлға болып табылады. Азаматтарды тыңдап, олар үшін уайымдай білу, орын алған жағдайды талқылап, көмек көрсету – кез-келген учаскелік полиция инспекторы қызметінің ең негізгі өлшемі болып табылады.

Мемлекет басшысының жолдауында айтылған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы және “полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметі реформасы аясында негізгі рөл учаскелік полиция инспекторларына берілген.

Жергілікті Полиция департаментінің басшысы Ержан Саденовтің айтуы бойынша, елордада учаскелік полиция инспекторларының халықпен өзара іс-қимыл жасасуының жаңа тетігі енгізілуде.

Учаскелік полиция инспекторлары мен пәтер иелері кооперативі өкілдерінің бірлескен чаты қаладағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сонымен қатар абаттандыру қағидасын сақтау үшін қосымша ресурс ретінде тиімділігін көрсетті.

Бүгінде әрбір учаскелік полиция инспекторы төрт мың азаматқа қызмет көрсетеді. Ауқымды жұмысты атқару үшін полицейлерге “WhatsApp” мессенджеріндегі чаттардың көмегі зор.

– Учаскелік полиция инспекторларының халықпен өзара іс-қимылы барлық деңгейде ұйымдастырылған. Елордалық учаскелік полиция инспекторлары өздеріне қарасты әкімшілік аумақта орналасқан үйлердің тұрғындарының “WhatsApp” мессенджеріндегі чаттарына қосылады, бұл мәселе өте өзекті әрі пайдалы болып отыр. Алайда қызмет барысында полицейлерге үйлер мен аулаларды аралап, тұрғындармен көзбе-көз сөйлеспей болмайды, – деді Ержан Саденов.

Осындай іс-қимыл жасасу әдісі қысқа мерзімде тұрғындар арасында оң нәтиже көрсетті.

Осы чаттар арқылы учаскелік инспекторлар  азаматтардың қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкені, рұқсат етілмеген орындарда темекі шеккені, тыныштықты бұзғаны, ұсақ бұзақылықтар жасағаны, қаланың абаттандыру қағидасын бұзғаны туралы  жедел ақпараттар алып, шаралар қабылдайды.

Қазіргі уақытта елордада “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты қызмет көрсететін аумақтарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу болып табылады.

Полиция бөлімшелерінің орналасқан мекенжайы, учаскелік инспекторлар туралы мәліметтер мен олардың байланыс телефондары Нұр-Сұлтан қаласы ПД ресми сайтында, әлеуметтік желілерде, қала үйлері мен ұйымдарының кіреберістерінде орналастырылған.

Елорда тұрғындары бұл бастаманы қолдап, учаскелік инспекторларға белсенді көмек көрсетуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру