Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысының полицейлері кісі өліміне қатысы бар қашқынды ұстады

Жамбыл облысының полиция қызметкерлері кісі өлтіруге оқталып, үш жылдан астам уақыт жасырынған қашқын адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2017 жылдың қазан айында Жуалы ауылдық округінің орталық аудандық ауруханасынан аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне оқ-дәрімен жараланған 30 жастағы Қошқар ата ауылының тұрғынын стационарға жеткізгені туралы ақпарат келіп түсті. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу) бойынша тіркелді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысты жасады деген күдікпен тергеуден қашып жүрген 30 жастағы жергілікті тұрғын анықталды. Күдікті қашқынға қатысты бірқатар сараптамалар жүргізіліп, дәлелді айғақтар алынғаннан кейін сот оған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады. Сол жылдың 22 қарашасында оған іздеу жарияланған.

Үш жылдан астам уақыт бойы күдікті қудалаудан жасырынып келді. 2021 жылғы 29 наурызда Жамбыл облысының полицейлері жедел ақпарат алғаннан кейін Шымкент қаласында іздестірілуде жүрген адамды ұстады.

Қазіргі уақытта ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру