"Жаңа жол" акциясы: Павлодарда әлеуметтік бейімдеуге басымдық берілді
Павлодар облысында "Жаңа жол" республикалық акциясы аясында полиция қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босап шыққан және профилактикалық есепте тұрған азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Негізгі назар олардың әлеуметтік бейімделуіне, жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге және жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес беруде. Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып, жұмыс іздеуге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
– Профилактика, қолдау және әрбір адамға көңіл бөлу – қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің инспекторы Олжас Жеңіс.
"Жаңа жол" акциясының мақсаты – түзелу жолына түскен азаматтарды қолдап, олардың қоғамға сәтті бейімделуіне және толыққанды өмірге қайта оралуына ықпал ету.
