Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында мектеп автобустары тексерілді

Жетісу облысы Көксу ауданында полиция қызметкерлері балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Рейд барысында тәртіп сақшылары мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобустарды тексеріп, олардың техникалық жағдайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударды.

Полицейлер көлік құралдарының техникалық жарамдылығын, қажетті құжаттардың болуын тексеріп, тежегіш жүйесінің, жарық құралдарының, қауіпсіздік белдіктерінің және жас жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзге де маңызды бөлшектердің жағдайын бақылаудан өткізді.

Сонымен қатар жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және балаларды тасымалдау кезіндегі жауапкершілік туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға жолда барынша мұқият болу, жылдамдық режимін сақтау және төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігі ескертілді.

Полиция мәліметінше, мұндай тексерулер тұрақты түрде өткізіліп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және балаларды тасымалдау үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

- Жолдағы балалардың қауіпсіздігі — баршамызға ортақ жауапкершілік. Мектеп автобустарының жүргізушілері өздеріне балалардың өмірі мен денсаулығы сеніп тапсырылғанын терең түсінуі қажет. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтау — міндетті шарт, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру