Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында ПД бастығы тұрғындармен кездесіп, қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Жетісу облысы ПД бастығы Сарқытбай Құсаинов Лепсі ауылының тұрғындарымен ашық кездесу өткізіп, алдағы жазғы маусымда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қолға алынатын негізгі шаралармен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында басты назар заманауи технологияларды енгізу мен жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттыруға аударылды. Полицейлер Балқаш көлінің жағалауындағы жағдайды бақылауға арналған дрондарды, сондай-ақ жаңартылған қызметтік автокөліктерді көрсетті. Бұл құралдар құқық бұзушылықтардың алдын алып, жағдайды жедел бақылауға мүмкіндік береді.

Жаз мезгілінде Балқаш өңіріне келетін демалушылар саны артатынын ескере отырып, полиция қызметі күшейтілген режимге көшеді. Бұл кезеңде қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және демалыс аймақтарында құқық бұзушылықтың алдын алу басты назарда болады.

Тұрғындар тарапынан жол инфрақұрылымына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтқанда білім беру мекемелерінің маңында жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, сондай-ақ мал айдайтын жерлердегі қауіпсіздікті арттыру қажеттігі айтылды. Барлық ұсыныс назарға алынады. Сонымен қатар мопедтер мен басқа да шағын көлік құралдарын тіркеу мәселесі қозғалды. Олардың санының артуы жол қауіпсіздігіне әсер ететіндіктен, бұл бағытта тәртіпті күшейту қажеттігі атап өтілді.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын еске салып, әр азаматтың жеке жауапкершілігіне назар аударды.

— Алдын алу шаралары – қауіпсіздіктің негізі. Біздің мақсатымыз – әрбір тұрғын мен өңір қонағына қауіпсіз орта қалыптастыру, — деді Сарқытбай Құсаинов.

Мұндай кездесулер халық пен полиция арасындағы өзара түсіністікті арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру