Шымкентте көпқабатты үйдің жертөлесінде есірткі зертханасын ұйымдастырған азамат ұсталды
Шымкентте көпқабатты үйдің жертөлесінде есірткі зертханасын ұйымдастырған қала тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында өзі тұратын көпқабатты үйдің жертөлесінде фитозертхана ұйымдастырған 44 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Белгілі болғандай, ол бірінші қабаттағы пәтерінің ас бөлмесінен көпқабатты үйдің жертөлесіне қарай өтетін жасырын есік жасап, онда арнайы есірткі өсімдіктерін өсіруге арналған бөлмені дайындап, арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтап, қалыпты температураны және тиісті желдетуді қамтамасыз етіп, тыйым салынған өсімдіктерді өсіріп келген.
Тексеру барысында аталған орыннан құмыраларға отырғызылған 4 дана есірткі өсімдіктеріне ұқсас өсімдіктер анықталып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, оның есірткінің сора тұқымына жататыны нақтыланып, жалпы салмағы 2,5 келіге жуық екендігі анықталды.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігімен (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері тыйым салынған есірткі өсімдіктерін заңсыз егіп-өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.