Қостанай облысында полицейлер жоғалып кеткен 62 жастағы тұрғынды табуға көмектесті
Қостанай облысында полицейлер жоғалып кеткен 62 жастағы тұрғынды табуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
62 жастағы әйел кешкі уақытта үйінен шығып, қайта оралмаған. Бұл туралы полицияға оның туыстары хабарлаған.
Учаскелік полиция инспекторы Глеб Лобазов ақпаратты алғаннан кейін дереу жедел-іздестіру шараларын жүргізуге кірісті.
– Мен әкімшілік учаскеде үш жыл жұмыс істедім, аумақты жақсы білемін. Патрульдік полицияның барлық экипажына әйелдің белгілері хабарланды. Іздестіру шаралары бірден басталды, – деді Глеб Лобазов.
Қазір күн суық. Сондықтан іздестіру жұмыстары түні бойы жүрді. Келесі күні таңертең учаскелік полиция қызметкері аумақты қайтадан айналып өту барысында жолдардың бірінде жоғалған әйелді тапты.
Әйелдің туыстары іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастырған тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.