Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еңбегі еленген ардагер

Ішкі істер органының ардагері Серғали Бекежанов қоғам тыныштығын сақтауда ерен еңбек етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еңбек жолын 1987 жылы бастаған Серғали Сәрсенұлы өткен ғасырдағы тәртіп сақшыларының жұмысы жайлы да баяндап берді. Ардагердің айтуынша, қазіргі полиция қызметкерлерінің маңдай терінің өтеуі бар.

– Мен Қостанай ауданының Октябрь ауылында тудым. Сол жерде орта мектепте білім алып, 1983 Беларусь мемлекетіне әскери борышымды өтеуге аттанып, екі жылдан соң аман-есен елге оралдым. Облыс орталығындағы Автожол техникумын тәмамдап, 1987 жылы ішкі істер органдарына қабылдандым. Милиция формасын алғаш кигенде бойымды ерекше сезім биледі. Өйткені, бұл бала күннен бергі арманым болатын. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция болып жұмыс істей бастадым. Ол кезде жағдай аса мәз емес. Көліктің күйі нашар, техникадан таршылық болды. Бірақ, сол қызметке деген сезім мен жауапкершіліктің арқасында абыроймен жұмыс істедік, – дейді полиция ардагері Серғали Бекежанов.

Серғали Сәрсенұлы кейіннен Қостанай ауданы Полиция бөлімшесінде басқа да лауазымдарда жемісті жұмыс істеді. Аталмыш бөлімнің төлқұжат беру бөлімшесінде аға инспектор болып еңбек етіп, кейін бөлімше басшысы дәрежесіне көтерілген. Жол-патрульдік полиция батальоны взводының командирі болғанын да айта кеткен жөн.

– Қостанай ауданында көп тәжірибе жинадым. Полиция қызметкері білікті маман болуы үшін әуелі жақсы тәлімгер керек. Сол себепті, мен өзімнің тәлімгерлерім туралы бірауыз айтқым келеді. Мен алғаш ішкі істер органына келгенімде командирім Мертай Ибраев және Дмитрий Баршаков сынды аға буын өкілдері көп көмектесті. Былайша айтқанда, ұрпақ сабақтастығы болуы керек. Сонда жас полиция қызметкерлеріне жұмысқа үйренуге жеңіл болады, – дейді полиция ардагері.

2005 жылы Серғали Бекежанов Қостанай облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына аға инспектор болып ауысады. Осы жерде бес жыл абыройлы еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шығады. Қатардағы сержанттан майор шеніне дейін өскен Серғали Сәрсенұлы ішкі істер органында халық үшін адал еңбек еткенін мақтанышпен айтады.

– Азды-көпті жұмыс істедік. Бастысы, халықтың тыныштығы үшін аянып қалмадық. Талай қылмыстың алдын алдық, солайша жұртқа пайдамыз тиді деп ойлаймын. Өткен өмірге өкінбеймін, – дейді С.Бекежанов.

Зейнеттегі майордың бүгінгі күні апталдай қос ұлды өсіріп, немеренің қызығына батып отырған жайы бар.

Қазіргі таңда Қостанай облысы ПД ардагерлер кеңесі төрағасы Амангелді Өмірбаевтың басшылығымен полицейлер ардагерлерді мерейтой және түрлі мерекелер қарсаңында назардан тыс қалдырмай, құттықтап, марапаттап отырады. Жыл сайын ардагерлерді Қостанайдың іргесіндегі санаторийға жіберіп отырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру