Ақтөбеде көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды
Ақтөбеде көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қаңтарда сағат 11:50 шамасында Ақтөбе-Астрахань тас жолының 25 шақырымында патрульдік полиция қызметкерлері 35 жастағы жүргізушінің басқаруындағы ВАЗ-21101 автокөлігін тоқтатты. Ол жүргізуші куәлігінен айырылған бола тұра, көлікті есірткілік мас күйінде басқарған.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сондай-ақ, жүргізуші күртешенің қалтасынан жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес затпен екі қағаз түйіншекті өз еркімен тапсырды. Сот сараптамасы тағайындалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.