Астанада жалған полицей жезөкшелерден ақша бопсалаған
Астанада ақша бопсалаумен айналысқан жалған полицей ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық Полиция департаментінің полицейлері арнайы операция жүргізді, оның барысында ақша бопсалады деген күдікті ұсталды. 23 жастағы жігіт интимдік қызмет көрсететін қыздардан ақшаны қорқытып алғаны анықталды.
Күдікті қыздарға пәтерге келіп, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартамын деп ақша талап еткен. Бұл ретте қаскүнем полиция қызметкерінің жалған қызметтік куәлігін көрсеткен.
Полицейлер жігітті қалалық пәтерлердің бірінде жәбірленушіден 20 мың теңге алып жатқан кезде ұстады.
Жеке тінту кезінде одан полиция қызметкерінің куәлігі мен ақша тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.