Түркістан облысында полиция жолаушыдан арқар мен ақбөкеннің мүйізін тәркіледі
Түркістан облысында полиция жолаушыдан арқар мен ақбөкеннің мүйізін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Төле би ауданының полициясымен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сирек кездесетін жануарлардың бөліктерін заңсыз тасымалдаудың жолын кесті.
Төлеби ауданындағы ауылдардың бірінде полицейлер Audi көлігін тоқтатқанда жолаушының сөмкесінен болжам бойынша жабайы арқардың бас сүйегі мен бірнеше ақбөкеннің мүйізі табылды.
Бұрын сотты болған күдікті Шымкент қаласының тұрғынынан алынған заттай айғақтар тиісті сараптамаға жолданып, мән-жайды анықтау үшін ер азамат полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.