Қызылордада пробация есебіндегі балаларға оқу құралдары таратылды
Қызылордада пробация есебіндегі балаларға оқу құралдары таратылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Сырдария ауданында игі шара ұйымдастырылды. "Сырдария - Нұрдария" қоғамдық қорының қолдауымен әлеуметтік тұрғыдан көмекті қажет ететін отбасыларға, соның ішінде пробация есебінде тұрған азаматтардың 15 баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлік себеттері табысталды.
Балаларға сөмкелер мен оқу құралдары үлестіріліп, олардың жаңа оқу жылына дайындықтары жеңілдетілді. Көмек алған ата-аналар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
– Бүгінгі шара аясында балаларыма мектепке қажетті жабдықтар берілді. Енді жаңа оқу жылына толық дайынбыз деп айта аламын. Өзім көпбалалы анамын, қазіргі қымбатшылықта барлық баламды мектепке әзірлеу оңай емес. Сол себепті көмекке мұқтаж екенімді айтып, өтініш білдірген едім. Пробация қызметкерлері жағдайымды ескеріп, қолдау көрсетті. Жалпы, пробация қызметі бізге құқықтық та, психологиялық та, әлеуметтік тұрғыдан да үнемі жәрдем беріп келеді, – деді есептегі азаматша.
Қазіргі таңда Сырдария аудандық пробация қызметінің есебінде 50-ден астам сотталған азамат тіркеуде тұр. Олар заң талаптарына сәйкес қажетті қолдаулармен қамтылып келеді.