Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі жастар кәсіпкерлік негіздерін меңгерді

Қызылордада пробация есебіндегі жастар кәсіпкерлік негіздерін меңгерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығы артып келеді. Оларды жұмыссыздықтан қорғап, өз ісін бастауға ынталандыру – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі.

Осы мақсатта пробация есебінде тұрған жастарға арналған "Мүмкіндіктер шыңы" атты кәсіпкерлікке баулу семинар-тренингі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қатысушыларға мемлекеттік қолдау тетіктері, гранттық жобалар және бизнесті бастау жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

Сонымен қатар командалық ойындар арқылы жастардың өзара байланысын нығайтуға, топпен жұмыс істеу, шешім қабылдау және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалды.

Семинар-тренингті "Бизнеске арналған үкімет" КММ Қызылорда қаласы бойынша қызмет көрсету бөлімінің маманы Салтанат Қияқбекқызы жүргізіп, кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді жолдары мен нақты құралдарын түсіндірді.

Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

– Бұл семинар мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Бұған дейін өз кәсібімді ашу туралы ой болғанымен, нақты қадам жасауға батылдық жетпейтін. Бүгін кәсіп ашудың заңды жолдары мен мемлекеттік қолдау түрлері жайлы көп мәлімет алдым. Енді алдағы уақытта өз ісімді бастауға ниеттімін, – деді пробация есебіндегі қатысушы.

Мұндай іс-шаралар жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына, еңбек нарығында белсенді болуына және қоғамға бейімделуіне жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру