Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталғандар арасында спорттық турнир өтті

Қызылордада сотталғандар арасында спорттық турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

25 қазан – Республика күніне орай Қызылорда облысында сотталғандар арасында спорттық турнир ұйымдастырылды. Іс-шара Қызылорда облыстық прокуратурасы, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және "Жігер" Қызылорда облысы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігінің бастамасымен №60 мекеменің спорт алаңында өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында Қызылорда облыстық прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының бастығы Азамат Баянбайұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілей отырып, спартакиаданы ресми түрде ашып берді.

Жарыс бағдарламасына гір көтеру, қол күрес (армрестлинг), шахмат және шағын футбол спорт түрлері енгізілді. Тартысты өткен додада қатысушылар өздерінің күш-қайратын, ептілігі мен спорттық шеберліктерін көрсетті.

Шағын футболдан №5 жасақтан құралған "Алға" командасы жеңімпаз атанса, №3 жасақтың "Қыран" командасы ІІ орынды, №6 жасақтың "Жастар" командасы ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар "Үздік қақпашы", "Үздік ойыншы" және "Үздік қорғаушы" аталымдары бойынша да үздіктер анықталды.

Ал шахмат пен армрестлинг сайыстарында қатысушылар өздерінің ой ұшқырлығы мен білек күшін сынап, жүлделі орындарға ие болды.

Жарыс қорытындысында жеңімпаздарға кубоктар мен медальдар табысталып, Қызылорда облыстық спорт және туризм басқармасы мен "Жігер" қоғамдық бірлестігі атынан арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Спорт – денсаулық пен ынтымақтың кепілі. Мұндай шаралар сотталған азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына, өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру