Жамбыл облысында қиын жасөспірімдермен жұмыс күшейтілді
Жамбыл облысында қиын жасөспірімдермен жұмыс күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қылмыстық ортаға тартылуына жол бермеу мақсатында Жамбыл облысында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері мектеп пен колледж оқушылары арасындағы бейресми лидерлерді анықтау жұмыстарын күшейткен. Биылдың өзінде құқыққа қарсы әрекет жасауға бейім 207 жасөспірім анықталды. Бұл балалармен мақсатты бағыттағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Жасөспірімдердің қылмыстық ортаға енуінің алдын алу, теріс топтардан алшақтату және олардың қызығушылығын оң арнаға бұру – басты назарда. Бұл мақсатта мотивациялық кездесулер, құқық бұзушылықтың салдары туралы түсіндіру әңгімелері және әлеуметтік пайдалы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
— Біздің жұмысымыздың басты мақсаты — жазалау емес, алдын алу. Маңыздысы — жасөспірімге дер кезінде көмек көрсету, оны қалыпты әлеуметтік ортаға қайтару және отбасына қолдау білдіру, — дейді Жамбыл облысы полиция департаменті қылмыстық-құқықтық басқармасы бастығының орынбасары Әлішер Қалышев.
Қазіргі таңда ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде 415 жасөспірім және кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамай жүрген 279 ата-ана бар. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылық жасаған, алкоголь тұтынатын, мектепке бармайтын немесе девиантты мінез-құлыққа бейім балалармен жеке профилактикалық жұмыстар атқаруда.
Тәртіп сақшылары отбасыларға барып, тұрмыс жағдайы мен тәрбиелеу ахуалын бағалайды, әр балаға жеке профилактикалық жоспар әзірлейді. Бұл жоспарға бос уақытты тиімді өткізу, шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыстыру сияқты бағыттар енгізілген.
Сонымен қатар есептегі жасөспірімдердің мінез-құлқын бақылау мақсатында сот немесе кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия белгілеген шектеулердің орындалуы тексеріледі. Балалардың оқу орнындағы тәртібі, тұрмыстағы мінез-құлқы және бос уақытын өткізу тәртібі қадағаланады.
Мұндай жұмыстардың түпкі мақсаты — баланы жазалау емес, оған дер кезінде көмек көрсету, өмірлік жолын түзету және қоғамға бейімдеу. Жамбыл облысы Полиция департаменті бұл бағыттағы жүйелі жұмысты алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.
