Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталғандарды жұмыспен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде

Қызылордада сотталғандарды жұмыспен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басты міндеттерінің бірі – жазасын өтеушілерді қоғамға бейімдеу және оларды еңбекпен қамту арқылы қайта әлеуметтендіру болып табылады. Осы бағытта ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемесінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Жуырда аталған мекеме әкімшілігі екі жеке кәсіпкермен жаңа келісімшартқа қол қойып, қосымша 15 сотталған азаматты еңбекпен қамтуға мүмкіндік жасады. Енді олар жиһаз дайындау және құрылыс саласы бойынша жұмыс істейді.

Мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы Саягүл Кенжегұлованың айтуынша, бүгінде мекеме 18 жеке кәсіпкермен келісім орнатып, 180-нен астам сотталған азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Сотталғандарды еңбекке тарту – олардың түзелу жолындағы маңызды қадам. Көптеген азаматтар жұмысқа араласқаннан кейін өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңа мақсаттар қоя бастайды. Біз олардың мамандық игеріп, қоғамға бейімделуіне жағдай жасауға тырысамыз, – деді Саягүл Кенжегұлова.

Еңбекке тартылған сотталғандардың бірі өз ойымен бөлісті:

– Бастапқыда жұмыс істеуге сенімсіздік болды, алайда уақыт өте еңбектің қадірін түсіне бастадым. Осындай мүмкіндік үшін ризамын. Қазір жиһаз жасау ісін үйренудемін, алдағы уақытта бостандыққа шыққан соң осы бағытта өз ісімді ашқым келеді, – деді ол.

Мекеме әкімшілігінің мәліметінше, алдағы уақытта сотталғандарды еңбекпен қамтуды кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жеке кәсіпкерлерді тарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру