Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция жол қозғалысын дрондар арқылы бақылайды

Қостанайда алғаш рет жол қозғалысын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) енгізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлердің айтуынша, жаңа технологиялар жаяу жүргіншілерге қатысты жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтауға көмектеседі.

Статистикаға сүйенсек, жаяу жүргіншіні қағып кету – жол-көлік апаттарының ең жиі кездесетін себептерінің бірі. Биыл өңірде осындай 375 оқиға тіркеліп, олардың салдарынан 10 адам қаза тауып, 388 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Әр сан – адамның тағдыры. Сондықтан негізгі назар профилактика мен жолдағы өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға аударылып отыр.

Бұған дейін ұшқышсыз ұшу аппараттары қала сыртындағы трассаларда қарсы бағытқа шыққан жүргізушілерді анықтау үшін қолданылса, енді олар қала ішінде де жол қауіпсіздігін қадағалайды. Дрондар қауіпті маневрлерді уақытында байқап, қайғылы жағдайлардың алдын алады.

Ұшқышсыз аппараттар жүргізушілердің жаяу жүргіншіні өткізбеу немесе өткел маңында қауіпті маневр жасау фактілерін тіркеуге мүмкіндік береді. Маңыздысы – дрондар жылдамдықты өлшеу немесе заң бұзушыларды аңдуға арналмаған. Олар тек бақылау және дәлелдемелік құрал ретінде қолданылады, ықтимал қауіпті жағдайларды дер кезінде тоқтату үшін қызмет етеді.

- Біздің мақсатымыз – жазалау емес. Ең бастысы, әр жүргізуші рөлге отырған кезде тек өз өмірі емес, өзгенің өмірі үшін жауапты екенін түсінсе дейміз. Дрон – қосымша көзіміз, ол тәуекелді дер кезінде көруге көмектеседі, — дейді патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Ерлік Сурағанов.

Пилоттық рейд республикалық "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" акциясы аясында Тәуелсіздік пен Қасымқанов көшелерінің қиылысында өтті. Бұл қаладағы ең жүктемесі жоғары жаяу жүргіншілер өткелдерінің бірі.

Бар болғаны 30 минут ішінде дрон бірнеше жүргізушінің жаяу жүргіншілерге жол бермегенін тіркеді. Мысалы маршруттық автобус пен Mercedes Gelandewagen көлігінің жүргізушілері өткелден өтіп бара жатқан адамдарды жолдан өткізбеген. Бұл фактілер бірден патрульдік экипаждарға жеткізілді.

- Ең бастысы — жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру және жолдағы сақтық адам өмірін сақтайтынын еске салу, — дейді рейд ұйымдастырушылары.

Қостанайда дрондарды қолдану басталғалы бері төрт ықтимал апаттың алдын алды — олардың әрқайсысы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін еді.

Қостанай облысы полиция департаментінде бүгінгі күні 10 дрон бар. Оларды арнайы оқудан өткен, сертификатталған инспекторлар басқарады.

Дрондарды пайдалану – жол-көлік оқиғаларының алдын алу саласындағы жаңа қадам, әсіресе қаладағы тығыз қозғалыс жағдайында дәстүрлі тәсілдер әрдайым тиімді бола бермейтін кезде.

Жаяу жүргінші – мұқият, жүргізуші – жауапты болуы тиіс. Жаңа технологиялар – бар болғаны көмекші құрал. Олар бізге қарапайым ережені еске салады: адам өмірі – кез келген асығыстықтан қымбат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру