Қостанайда LED-экрандары бар автобустар жол қозғалысы ережелерін еске салады
Қостанайда LED-экрандары бар автобустар жол қозғалысы ережелерін еске салады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция департаменті мен "Брунер" жеке кәсіпкерлігі бірлесіп жаңа жоба жүзеге асырды.
Енді қаладағы маршруттық автобустардың сыртқы LED-экрандарында жол қозғалысы ережелерін сақтауға арналған ескертулер көрсетіледі. Қозғалыс кезінде электронды таблоларда "Жүргізуші, арақашықтықты сақта", "Жаяу жүргінші, жолдан өткенде мұқият бол" деген жазулар пайда болады. Бұл формат ақпаратты тек жолаушыларға емес, сондай-ақ басқа жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге де жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоба барысында көру қабілеті шектеулі азаматтар үшін де қолжетімділік мәселесіне ерекше назар аударылған. Автобустарда орнатылған дыбыстық хабарлау жүйесі де "Жаяу жүргінші, жолдан өткенде мұқият бол" деген ескертуді береді.
Аталған бастама полиция департаменті мен "Брунер" ЖК арасындағы жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тығыз ынтымақтастықтың нәтижесі. LED-экрандарды профилактикалық құрал ретінде пайдалану қала трафигі жағдайында ескертулердің көрнекілігі мен тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жол-көлік оқиғаларының азаюына ықпал етіп, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттырады.
