Шымкентте полиция күдіктілерден “синтетиканың” ірі партиясын тәркіледі
Шымкентте полиция күдіктілерден “синтетиканың” ірі партиясын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы бағытталған ауқымды іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыруда.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Алматыдан Шымкентке синтетикалық есірткінің ірі партиясын жөнелтуді ұйымдастырған тұлғалардың заңсыз әрекетін әшкереледі.
Тергеу барысында күдіктілер психотроптық заттарды сорғы жабдығының ішіне жасырып, сәлемдеме ретінде қалааралық такси арқылы жібергені анықталды. Аталған бағыт полициямен анықталып, тексеру кезінде техника ішінен жалпы салмағы 2 келіні құрайтын синтетикалық есірткі салынған төрт пакет тәркіленді.
Сонымен қатар ұсталғандардың бірінің тұрғылықты мекенжайынан байланыссыз тәсілмен өткізуге арналған синтетикалық есірткі салынған 62 орама табылып, тәркіленді.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда осы дерек бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
