Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Қызметтеріңізге мың алғыс!" – жоғалған баланың анасы полицейге ризашылығын білдірді

Абай облысында бүгін жоғалып кеткен баланың анасы жедел әрекет еткен полиция қызметкерлеріне алғыс білдіріп, видео жолдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында үйінен шығып, адасып кеткен 3 жасар баланы полиция қызметкерлері тапқан болатын. Баланың анасы тәртіп сақшыларына ризашылығын білдіріп, алғыс айттты.

- Бүгін біздің отбасымыз үшін ең ауыр әрі қорқынышты күндердің бірі болды. Баламның ауладан байқатпай шығып кетіп, жоғалып кеткенін түсінген сәтте жүрегім тоқтап қалғандай күй кештім. Әрбір минут, әрбір секунд мәңгілікке созылғандай болды. Ана үшін баласының қайда екенін білмеу – сөзбен жеткізу мүмкін емес сезім, - дейді жоғалған баланың анасы.

Баланың анасы полицияға жүгінген сәттен бастап барлық күштің жұмылдырылғанын бірден байқағанын айтты.

- Қызметкерлер бір сәт те уақыт жоғалтпай, дала, жолдар мен маңайдағы аумақтарды түгел тексеріп, баламды табу үшін бар мүмкіндікті жасады. Сол сәтте сіздердің адамгершіліктеріңіз бен кәсібиліктеріңіз бізге үміт пен демеу болды, - деді ол.

Жоғалған сәбидің анасы полицейдің мейірімділігін де тілге тиек етті:

- Әсіресе ат үстінде жүріп, даладан баламды жалғыз байқап қалған полиция қызметкеріне ерекше алғысымды білдіремін. Ол балама мейіріммен: "Айналайын, келе ғой…" деп тіл қатқан екен. Бұл сөздер менің жүрегімді елжіретті және жадымда мәңгі сақталады. Сол сәтте сіз жай ғана полиция қызметкері емес, баланың амандығына шын жүректен алаңдаған кең жүректі жан болдыңыз, - деп алғысын білдірді ана.

Баласының аман-есен табылғанын естігенде қуанышында шек болмаған ана ғажайыптар болатындығына сенеді:

- Бұл біз үшін нағыз ғажайыпқа тең болды. Ал сол ғажайыптың артында сіздердің адал еңбектеріңіз, жедел әрекеттеріңіз және адамдарға көмектесуге деген шынайы ниеттеріңіз тұрғанын жақсы түсінеміз. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің арқасында баламның өмірі сақталып қалды. Біздің отбасы бұл жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Барша полиция қызметкерлеріне зор денсаулық, амандық және қызметтеріне табыс тілеймін. Елімізде сіздер секілді батыл, мейірімді әрі өз ісіне адал жандар көп болсын. Аналық жүректен шыққан шынайы алғысымды қабыл алыңыздар, - деп қорытындылады 3 жасар кейіпкердің анасы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру