Алматыда Отан қорғаушылар күні қарсаңында жүзге жуық полиция қызметкері марапатталды
Алматыда Отан қорғаушылар күні қарсаңында жүзге жуық полиция қызметкері марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында салтанатты іс-шара өтті. Оған полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, жеке құрам, "Жас сақшы" жасақтарының өкілдері және жас қызметкерлердің туыстары қатысты.
Салтанатты рәсім қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұл – ерлікке тағзым мен ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын маңызды сәт болды. Осы жерде жас полицейлер Қазақстан халқына, Заңына және қызметіне адал болуға ант берді.
Іс-шараның ресми бөлімінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұйрықтары негізінде жүзге жуық қызметкер ведомстволық наградалармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Жиын барысында Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қос мерекенің мән-маңызына тоқталды.
- Бұл мерекелер – ерлік пен қайсарлықтың, Отанға деген адалдықтың символы. Жеңіс буынының ерлігі – барша ұрпақ үшін мәңгілік тағылым, – деді ол.
Сондай-ақ ол мегаполис жағдайында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
- Қоғам сенімі – біздің басты құндылығымыз. Біз оны күнделікті қызметіміз арқылы ақтауға міндеттіміз, – деді департамент басшысы.
Ант қабылдаудың мәніне де ерекше тоқталып, оның әрбір қызметкердің кәсіби жолындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
- Ант – бұл жай рәсім емес, ол – Заңға адал қызмет етуге жасалған саналы таңдау, – деді ол.
Іс-шара тарихқа тағзым, қызметтегі мамандар еңбегіне құрмет және "Заң және тәртіп" қағидатын нығайту рухында өтті. Ардагерлер мен жас қызметкерлердің ата-аналарының қатысуы мерекеге ерекше мазмұн беріп, ұрпақтар сабақтастығын айқын көрсетті.
