Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталғандар спорттық додада бақ сынады

Қызылорда қаласының сол жағалауында орналасқан Теннис орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелеріне орай сотталғандар арасында спорттық іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінің тәрбие бөлімі 30-дан астам жазасын өтеушіні теннис орталығына апарып, олардың спорттық жарысқа қатысуына мүмкіндік жасады.

Іс-шара барысында сотталғандар үстел теннисі бойынша өзара бақ сынап, спорттық шеберліктерін көрсетті. Жарыстың басты мақсаты – жазасын өтеушілерді салауатты өмір салтына баулу, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және олардың қоғамға бейімделуіне оң ықпал ету.

Спорттық шараға сотталғандардың ата-аналары мен жұбайлары көрермен ретінде шақырылып, қатысушыларға қолдау көрсетті. Сотталғандардың бірінің анасы ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

- Осындай іс-шаралардың ұйымдастырылуы біз үшін үлкен қуаныш. Балаларымызға қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасап отырған мекеме әкімшілігіне алғысым шексіз, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған сотталғандар Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының атынан медальдармен және грамоталармен марапатталды

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру