"Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында Павлодар қаласында полиция қызметкерлері заңсыз қоқыс тастау фактілерінің алдын алу және жолын кесу бағытындағы рейдтерді күшейтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаланы абаттандыру жұмыстары тек коммуналдық қызметтердің міндеті ғана емес, сонымен қатар әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
- Негізгі мақсат - қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" қағидатын қалыптастыру. Күн сайын патрульдік полиция қызметкерлері қоқыс заңсыз төгілетін немесе қалдықтар тасталатын орындарға тексеріс жүргізеді. Осындай деректердің бірі жақында анықталды. ЗИЛ маркалы ассенизатор көлігінің жүргізушісі уақыт үнемдеу мақсатында нәжіс қалдықтарын арнайы белгіленбеген аумаққа төгіп, санитарлық талаптар мен абаттандыру қағидаларын өрескел бұзған. Аталған құқық бұзушылық бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді Павлодар қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Қарабаев.
Полиция ортақ ортаның тазалығы әр азаматтың жауапкершілігі екенін еске салады. Егер тұрғындар құрылыс қалдықтарын немесе өзге де қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгу фактілеріне куә болса, бейжай қалмауы қажет.
Мұндай жағдайларда фото немесе бейнежазба түсіріп, дереу "102" арнасына хабарласу сұралады. Азаматтардың белсенділігі қаланың тазалығын сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.