Екібастұз тұрғыны жас полицейге ризашылығын білдірді
Екібастұз қаласы полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан жүрекжарды алғыс хат келіп түсті. Азамат өз мәселесін шешуге көмектескен көші-қон қызметінің инспекторы Ислам Бақытжанұлына шынайы ризашылығын білдірген, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғынның айтуынша, құжаттарды рәсімдеу барысында туындаған күрделі мәселемен полицияға жүгінген кезде жас маман тек ресми кеңес беріп қана қоймай, оның жағдайына түсіністікпен қарап, қажетті қолдау көрсеткен. Полиция лейтенанты азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, қажетті рәсімдердің тәртібін жан-жақты түсіндіріп, туындаған түйткілді жедел шешуге көмектескен.
– Полиция қатарында өз ісіне адал әрі білікті мамандардың қызмет атқарып жүргенін көру қуантады. Көмегіңізге, жоғары кәсібилігіңізге және ең бастысы, адамгершілік қарым-қатынасыңызға шын жүректен алғысымды білдіремін, – делінген тұрғынның алғыс хатында.
Ислам Бақытжанұлы көші-қон қызметінде еңбек етіп жүргеніне бір жылға жуық уақыт қана болғанына қарамастан, азаматтардың алғысына бөленіп келеді.
Жас лейтенант осы уақыт ішінде өзін сауатты, жауапты әрі халыққа жанашыр маман ретінде танытып, азаматтарға көмек көрсетуді қызметінің басты қағидаларының біріне айналдырған.
Полиция қызметкері үшін мұндай алғыс – атқарған жұмысына берілген жоғары баға ғана емес, халық сенімін ақтауға деген жауапкершілікті арттыратын үлкен мотивация.
