Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жазасын өтеушілер белгілі спортшылармен кездесті

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесінде жазасын өтеушілер белгілі спортшылармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесуге ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының екі дүркін және Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Алмас Өтешов, сондай-ақ қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының иегері, "Еуразия барысы" және бес дүркін "Сыр барысы" атақтарының иегері Нұрым Сәлімгереев қатысты.

Кездесу барысында спортшылар өздерінің спорттағы жетістіктері мен кәсіби жолы туралы әңгімелеп, жоғары нәтижеге жетудің негізінде табандылық, тәртіп пен күнделікті еңбек жатқанын атап өтті.

– Спортта жеңіске жету үшін ең алдымен өзіңе талап қоя білу керек. Жаттығу барысында түрлі қиындықтар кездеседі. Алайда оларды еңсеріп, алға ұмтылу адамды шыңдайды. Өмірде де әр адам өз қателігін түсініп, дұрыс бағытқа бет бұра алады, – деді Алмас Өтешов.

Ал Нұрым Сәлімгереев жазасын өтеушілерді уақытты тиімді пайдалануға, спортпен тұрақты шұғылдануға және алдына нақты мақсат қоя білуге шақырды.

Еркін форматта өткен кездесуде жазасын өтеушілер спортшыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Тағылымды жүздесу қатысушыларға ой салып, спорттың адамды тәртіпке, табандылыққа және мақсатқа жетуге тәрбиелейтінін көрсетті.

Мұндай кездесулер жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ғана емес, олардың қоғамға қайта бейімделуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына және болашаққа нақты мақсат қоюына оң ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру