Жеңгетай әйел сот міндеттерін орындамай, қамауға алынды
Төрт мәрте кешірім жасалған есепте тұрған «жеңгетай», сот міндеттерін орындамағаны үшін қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметінде есепте тұрған сотталған азаматша С.Б. сот белгілеп берген міндеттерді орындамағаны үшін бас бостандығынан айырылды.
Жеңгетайлық жасағаны үшін екі жылға пробациялық бақылауға алынған сәттен бастап, Пробация қызметкерлері сотталған азаматша С.Б.-ға сот жүктеген міндеттер мен пробациялық бақылаудың тәртібін толығымен түсіндіріп, аталған талаптарды орындамау- бас бостандығынан айыру жазасымен шектелетінін ескертеді.
Алайда, сотталған азаматша С.Б. пробация қызметкерлерінің сөзіне құлақ аспай, өзіне сот тағайындаған келесі міндеттерді өрескел бұзады. Яғни, пробация қызметіне хабарламай, мекен жайын ауыстырады. Оның бұл құқықбұзушылығы туралы Хромтау аудандық пробация қызметі «сотталған азаматшаның жаза мерзімін ұзарту жөніндегі ұсынысты» аудандық сотқа жолдайды. Әйтсе де, аудандық сот бұл ұсынысты қанағаттандырусыз қалдырады.
Бір рет жолы болған сотталған азаматша өзіне жасалған рақымшылықты түсінбей, жаза өтеу тәртібін бұзуды одан әрі жалғастырып, Пробация қызметіне тіркеуге келмей қояды. Есепте тұрған азаматшаға «сот талаптарын бұзып жатқандығы туралы» пробация қызметкерлері бірнеше рет ескертулер жасаса да, одан нәтиже шықпағандықтан, Пробация қызметімен сотталған С.Б.-ны бас бостандығынан айыру жөнінде сотқа екінші мәрте ұсыныс жасалады. Сот процесі кезінде сотталған азаматша өзінің жасаған тәртіп бұзушылықтарына өкінетінін айтып, тағы бір рет кешіруді өтініп сұрағандықтан, Сот есепте тұрған С.Б.-ның кәмелетке толмаған қызы барын және оның жалғыз асыраушысы екендігін ескеріп, оның бостандықта қалуына және түзелуіне тағы бір мүкіндік береді.
Бірақ, өзгенін тәнін саудалаумен айналысқан сотталған азаматша, Соттың өзіне жасаған рақымшылығы мен жауапкершілікті сезінбей, «бәрібір жауапқа тартпайды» деген ойы басым түсіп, қасақана әкімшілік құқықбұзушылық жасауды жалғастыра береді. Дегенмен, дәл осы қасақана әкімшілік құқықбұзушылығы Хромтау аудандық сотының шешімімен, оның жазасын 1 айға ұзартумен шектеледі. Десек те, сотталған азаматша пробациялық бақылаудың тәртібін бұзуды мұнымен тоқтатпайды: Пробация қызметкерлері тексеру кезінде ол мекен жайында болмайды және оның бірнеше рет басқа аймақтарға шыққаны анықталады. Ол тіпті Пробация қызметіне тіркеуге келмей қояды.
Сотталған азаматшаның түзелу жолына түсуі үшін, пробация қызметкерлері оған барынша әлеуметтік көмекті де көрсетеді. Яғни, есепке алынған уақыттан бастап, Хромтау аудандық пробация қызметі оны ақылы қоғамдық жұмысқа орналастырады. Бірақ, сотталған ол жұмыстан өз еркімен шығып кетеді. Бұдан кейін де Пробация қызметі сотталған С.Б.-ны бірнеше мекемелерге жұмыс тұруға ықпал жасағанымен, сотталған ұсынылған жұмыстардан себепсіз бас тартады.
– Сотталған С.Б. өзінің іс-әрекеттерімен жұмыс істеуге ниеті жоқ екенін көрсетті. Онымен бірнеше рет жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін, Хромтау аудандық жұмыспен қамту орталығы оны аспазшы мамандығын игеру үшін қысқа мерзімді оқуға тіркейді. Алайда, ол оқу басталысымен-ақ оқуға барудан бас тартты. Тек, ол мемлекет тарапынан өзіне тағайындалған әлеуметтік төлемақыдан ғана бас тартқан жоқ, – дейді Хромтау аудандық пробация қызметінің инспекторы Ізбасар Сәт.
Хромтау аудандық пробация қызметі сотталған С.Б.-ның бірнеше рет тәртіп бұзғанын ескере келе, онымен жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан нәтиже шығармайтынын және сотталғанның көршілері ол турасында теріс мінездеме бергендіктен , сонымен қатар сотталғанның қызының білім алып отырған мектеп әкімшілігінің де анасының бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтынын ескеріп, сотталған С.Б.- ны «қайта қылмыс жасауға ықтимал» деп танып, оны бас бостандығынан айыру туралы аудандық сотқа кері ұсыныс жасайды.Хромтау аудандық сотының қаулысымен, бірнеше мәрте жасалған рақымшылықты түсінбеген сотталған азаматша С.Б. екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.