Павлодарда қоршаған ортаны ластайтын көлікпен жүрген жүргізушілер жауапқа тартылды
Павлодарда қоршаған ортаны ластайтын көлікпен жүрген жүргізушілер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына теріс әсер ету дәрежесі бойынша бірінші орында құрамында қауіпті химиялық қосылыстары бар пайдаланылған газдар тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың басым міндеттерінің бірі қолданыстағы көліктердің еліміздің экологиясына зиянды әсерін азайту болып табылады.
– Сондықтан полиция қызметкерлері басқа мүдделі органдармен бірлесіп, атмосфераға зиянды заттарды шығарудың рұқсат етілген нормасынан асатын автокөлік құралдарын анықтау бойынша іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров,
Сондай-ақ, ол 2021 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабымен (Шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтен асып кететін автомотокөліктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану) 10 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Полиция қызметкерлері Павлодар қаласын патрульдеу кезінде тәртіп сақшыларының шағын маршруттық автобусты тоқтатқанын атап өтті. Тексеру кезінде көлік құралының шығарындыларының қоршаған ортаны ластау деңгейі нормадан асып кету фактісі анықталды.
Жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушіге қатысты шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтен асып кететін автокөлікті пайдаланғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды, оған бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, техникалық ақаулы көлік құралын іске қосқаны үшін автобус паркінің механигі де жауапкершілікке тартылды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 617-бабы (Техникалық ақаулары бар көлiк құралдарын пайдалануға шығару және пайдалану қағидаларын өзге де бұзушылықтар) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.