Қызылордада ескі үлгідегі паспортын жоғалтып алған тұрғын жаңа жеке куәлік алды
Ескі үлгідегі паспортын жоғалтып алған қызылордалық жаңа жеке куәлік алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында Қызылорда облысының аумағында ескі үлгідегі жарамсыз КСРО паспортымен жүрген төрт азамат анықталды. Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері аталған азаматтардың құқықтық мәртебелерін анықтап, құжаттандыру бойынша көмек көрсетті.
Олардың ішінде, Қызылорда облысы Шиелі ауданының 53 жастағы тұрғыны бар. Ол ескі үлгідегі КСРО паспортын жоғалтып алып, күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алмаған. Жаңа жеке куәлікке қол жеткізген азамат өзінің проблемасына бей-жай қарамай, көмек берген полицейлерге алғысын білдірді.
Қызылорда облысының Полиция департаменті облыс тұрғындарына құжаттандыру бойынша мәселелер туындаған жағдайда тұрғылықты мекен-жайы бойынша аумақтық көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береді.