Әртүрлі құқық бұзушылыққа барған ақтөбелік мәжбүрлі еңбекке тартылды
Әртүрлі құқық бұзушылыққа барған ақтөбелік мәжбүрлі еңбекке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметінде күні бүгін сегіз есепте тұрған сотталған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылу бойынша жазаларын өтеуде.
Аталған азаматтар ұрлық, бұзақылық, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденгені және тыйым салынған, яғни құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өсіріп, сақтағаны үшін айыптарын жергілікті әкімдік белгілеп берген қоғамдық орындарды қар мен қоқыстардан тазалау жұмыстарын атқарып келеді.
– Сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған азаматтың тұрақты жұмыс орны немесе оқуы болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылады.
Жазаның қосымша бұл түрі – бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандарға, жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер немесе үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға, 58 жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, 63 жастағы және ол жастан асқан ер адамдарға, сонымен қатар І, ІІ топтағы мүгедектерге қолданылмайды. Сол сияқты мәжбүрлі еңбекке тарту күніне төрт сағатқа дейін, аптасына 20 сағаттан асырылмай өтеледi, – дейді Хромтау аудандық пробация қызметінің инспекторы Гүлдана Сейілхан.
Айта кетейік, өткен 2020 жылы Хромтау аудандық пробация қызметіне мәжбүрлі еңбекке тарту бойынша есепке алынған 16 сотталған: ұрлық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, тонау, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, алаяқтық, көлікті мас күйінде басқару секілді т.б. құқық бұзушылықтарына сәйкес айыптарын өтеп шықты.