Алматыда пәтер ұрылары қылмыс үстінде ұсталды
Алматыда пәтер ұрылары қылмыс үстінде ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Таугүл» шағынауданында 26-дан 31 жасқа дейінгі үш күдікті есік кілтін таңдау арқылы бөтеннің пәтеріне кіріп, жасырын түрде алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. Алайда полиция қаскөйлерге қылмыстық жоспарды соңына дейін орындауға мүмкіндік бермеді.
– Біздің бөлімнің қызметкерлерімен жедел іс-шара қатар жүргізілді. Күдіктілерді ұстау арнайы жасақ сарбаздарының көмегімен жүзеге асырылды. «Ұрыларды» тексеру және жеке тінту кезінде қылмыс құралдары: болт кескіш, бұрағыштар, есіктің құлпын ашуға қажетті – әртүрлі шебер кілттер, сейф табылды және тәркіленді. Сонымен қатар күдіктілерден пәтер иесінің алтын бұйымдары табылды. Қазіргі уақытта тұрғын үйге заңсыз кірген қаскөйлер Алматы қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілерге қатысты 188-баптың 3-бөлімінде көзделген іс-әрекеттер – ірі көлемде жасалған ұрлық бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық ПБ-ның бастығы Қуатбек Науатов.