Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық полицейлер есірткінің таралуына қарсы күресте еріктілерге экскурсия ұйымдастырды

Жамбылдық полицейлер есірткінің таралуына қарсы күресте еріктілерге экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Қарасора-2021» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында Жамбыл облысы Полиция департаментінің музейінде Жамбыл медициналық жоғары колледжінің ерікті студенттері үшін «Есірткісіз әлем» тақырыбына экскурсия өтті. Аталған іс-шара Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің бастамасы бойынша Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қатысуымен өтті.

Экскурсияның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді жүзеге асыру.

Музей жетекшісі Г.Ю.Зияутдинова музейдің 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Оның аумағында (330 шаршы метр) екі зал бар, онда 1500-ден астам түрлі экспонаттар орналасқан, олар Жамбыл милициясы мен полициясының тарихи қалыптасуы мен кәсіби қызметіне қатысты мағлұмат береді.

Олардың арасында мұрағаттық құжаттар, фото және бейнематериалдар, материалдық және рухани мәдени құнды заттар – кітаптар, кәдесыйлар, өнер туындылары, қару-жарақ, раритеттік автотехника және т.б. жәдігерлер бар. Музей экспозицияларында облыстағы ІІО-ның қалыптасу тарихы, ПД-ның барлық қызметтерінің заманауи қызметі көрсетілген.

Музейдің кинозалында Жамбыл облысы мен Қазақстан Республикасы полицейлерінің күнделікті жұмысы туралы бейнероликтер мен слайдтарды көрсету үшін проекциялық экран мен проектор орнатылған.Тараз қаласының Жамбыл медициналық жоғары колледжінің студенттері «Халық Қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасов», «Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Ішкі істер министрі В.Г.Шумов», «Мемлекеттік рәміздер мен ҚР Конституциясы», «Жамбыл облысы ішкі істер органдарының генералдары», «Кеңес Одағының батырлары –Ұлы Отан соғысының қатысушылары, «Кеңес милициясының ардагерлері Александр Петров пен Бауыржан Момышұлы», «Қазақ хандығының негізін қалаушылар Керей мен Жәнібек хандар» және «Қазақ хандығының батырлары» экспозицияларына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, болашақ медбикелерге кеңестік полиция қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсетуге арналған ескі экспозиция көрсетілді.

50-90 жылдардағы экспонаттар жастардың тарапынан үлкен қызығушылық тудырды, олардың назарына сол кездердегі криминалистикалық техника, сондай-ақ қылмыскерлерден тәркіленген қолдан жасалған суық және атыс қарулары ұсынылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру