Абай облысында сотталғандар фермерлік шаруашылыққа арналған модульдік үйлерді дайындады
Абай облысында сотталғандар фермерлік шаруашылыққа арналған модульдік үйлерді дайындады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде қолданбалы өнер және ағаш өңдеу цехында еңбек ететін сотталғандар шаруа қожалықтары қызметкерлері мен құрылыс бригадаларының уақытша тұруына арналған модульдік үйлерді дайындады. Мұндай құрылымдар тұрмыста көбіне "тұрмыстық вагон" немесе "құрылыс вагончигі" деп аталады.
Алғашқы тұрғын модуль Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының бірінің жеке тапсырысы бойынша дайындалды. Жобаны жүзеге асыруға құрылыс және ағаш өңдеу саласында тәжірибесі мен практикалық дағдылары бар бес сотталған қатысты.
Үйшіктің ішінде уақытша тұруға қажетті барлық жағдай қарастырылған: тұрғын бөлме, душ және санитарлық торап бар. Дайындау барысында сапалы құрылыс материалдары қолданылып, сенімділік пен пайдалану қолайлылығы талаптары сақталады. Осындай бір модульді дайындаудың орташа мерзімі шамамен бір айды құрайды.
— Өндірістік процеске қатысу бізге тұрақты жұмыспен қамтылып қана қоймай, бостандыққа шыққаннан кейін де қажет болатын кәсіби дағдыларымызды жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұрын құрылыс саласында жұмыс істегенмін, сондықтан бұл іске қызығушылықпен кірістім. Мұнда біз жай ғана тапсырысты орындап қоймай, сұранысқа ие өнім жасап, жауапкершілік пен командалық жұмысқа үйренеміз. Бұл мен үшін кәсіби дағдыларымды сақтап, дамытуға, ал босап шыққаннан кейін тезірек бейімделіп, жұмыс табуға мүмкіндік береді, — деді сотталғандардың бірі.
— ҚАЖ мекемелеріндегі өндірістік қызметті дамыту сотталғандарды әлеуметтік бейімдеудің маңызды бөлігі болып табылады. Сотталғандарды еңбекпен қамтудың негізгі мақсаты — олардың уақытын тиімді ұйымдастыру ғана емес, сонымен қатар еңбек дағдыларын, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру. Бүгінде мекемеде сотталғандардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, бар тәжірибесін іс жүзінде қолдануына жағдай жасалуда. Осындай модульдік үйлердің өндірісі шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілетті әрі нарықта сұранысқа ие бола алатынын көрсетеді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Серик Жангасканов.
