Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір ай бойы жұрттың қора-қопсысын тонап келген ұрылар қолға түсті

Алматы облысы Ескелді ауданының тәртіп сақшылары соңғы бір ай ішінде аудан орталығы Қарабұлақ кенті тұрғындарының мүлкін ұрлап, маза бермеген ұрылар тобын қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шілде айының басында Қарабұлақ тұрғындары белгісіз біреудің ауладағы немесе қорадағы мүліктерін ұрлағаны туралы арыздар түсіре бастады. Тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған шаралар барысында екі күдіктіні ұстады.

– Бірнеше ұрлық деректеріне қатысы бар деген күдікпен 50 және 51 жастағы екі азамат ұсталды. 51 жастағы А. есімді күдікті бұған дейін де өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталған кәнігі ұры екені анықталды. Қазіргі уақытта оның 6 қылмысқа және серіктесінің 2 қылмысқа қатысы бары дәлелденді. Ұрылар қолды қылған заттар сатып алушылардан тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді, – деді Ескелді ауданы Полиция бөлімінің бастығы Жанат Құдайбергенов.

Алдын ала тергеу барысында қос ұры елдің көзінен тыс жерден үйлердің ауласына немесе қорасына кіріп, сатуға болатын және алып жүруге ыңғайлы заттарды әкете берген. Атап айтқанда, үйдегі қазан, ұялы телефон, балалардың бірнеше велосипедтері, электрлік құрал-жабдықтар мен мөшектегі қант та ұрылардың оңай олжасына айналған.

Аудандық полиция басшысының ақпаратына сәйкес, күдіктілер сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін қамаққа алынған. Олардың бұдан өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталуда. Ащы су үшін ауылдастарының үйін тонаған қос күдікті бұдан да басқа көп қылмыс жасауы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру