Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әпкесімен жанжалдасқан павлодарлық мас әйелге хаттама толтырылды

Әпкесімен жанжалдасқан павлодарлық мас әйелге хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Күнделікті өмірдегі зорлық-зомбылық фактілерін үнсіз қалдыру аса ауыр қылмыстардың себебі болуы мүмкін. Сондықтан, заңсыз әрекеттерді тоқтату және ауыр зардаптардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, “102” телефонына хабарласуды сұрайды. Айта кету керек, полицейлер тұрақты негізде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар жүргізеді, оның ішінде тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында түрлі есептерде тұрған адамдар тексеріледі.

– Полицейлер “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Павлодар қаласы ПБ қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық жанжалды анықтады. 39 жастағы қала тұрғыны мас күйінде бірге тұратын әпкесімен жанжалдасқан. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігі (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл материал қарауды және шешім қабылдау үшін Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді. Сот қала тұрғынына бес тәулік мерзімге қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолданды, – деді Павлодар қаласы ПБ Орталық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мұрат Козкин.

Сонымен қатар Павлодар қаласының тұрғыны бір жыл ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасайтынын ескере отырып, полицейлер сотқа ерекше талап қою туралы өтініш жолдады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды және құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптарды үш ай мерзімге белгіледі, сондай-ақ 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымын шығарды.

ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабына сәйкес отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін ескерту немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көзделген құқыққа қайшы әрекеттер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса, онда он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Отбасылық жанжалқорларға қатысты тиімді шаралардың бірі – мінез-құлыққа ерекше талаптар қою. Ерекше талаптар белгіленген кезде: жәбірленушінің еркіне қайшы, жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге тәсілдермен, оның ішінде кәмелетке толмағандарды және (немесе) оның отбасының әрекетке қабілетсіз мүшелерін қоса алғанда, байланысқа түсуге; атыс қаруын және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға; алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салынады. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторының ұсынысы бойынша сот азаматтық қару иелерінен тегіс ұңғылы қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсаттың күшін жояды.
Жыл басынан бастап Павлодар полицейлері 3407 отбасы жанжалқорын жауапкершілікке тартты, 611 мінез-құлыққа арнайы талаптарды анықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру