Ақмола облысында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті
Ақмола облысында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
15-17 сәуір аралығында Ақмола облысының аумағында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Үш күн ішінде полиция қызметкерлері ұсақ бұзақылықтың 33 дерегін анықтады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта және ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 88 жағдайы тіркелді.
Бұдан бөлек, мас күйінде көлік құралын басқарудың 18 фактісі анықталып, көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың рульге отырған 11 жағдайының жолы кесілді.
Сондай-ақ алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 12 дерегі және ауыл шаруашылығы жануарларын жаю талаптарын сақтамаудың 45 фактісі белгілі болды.
Іс-шара барысында 98 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 51 мопед мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Ақмола облысының полициясы тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, азаматтық жауапкершілік танытуға және қоғамдық тәртіпке бейжай қарамауға шақырады. Заңды сақтау – қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың басты кепілі.
