Ақтауда есірткіге қарсы профилактикалық акция ұйымдастырылды
USHU Festival аясында Маңғыстау облысы полиция департаменті жастар арасында есірткінің алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтауда өткен фестиваль барысында ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарымен және қонақтарымен ашық алаңда кездесті. Полицейлер есірткі заттарын тұтыну мен сақтаудың денсаулыққа келтіретін зияны, сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 296, 297-баптары бойынша көзделген құқықтық жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірді.
Іс-шара барысында фестиваль қатысушыларына ақпараттық брошюралар таратылды. Жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың, спортпен белсенді айналысудың маңызы туралы профилактикалық үндеулер айтылды.
Полиция жастарды осындай бастамаларға белсенді қатысып, есірткісіз қоғам құруға өз үлестерін қосуға шақырады.
