Полиция азаматтарды табиғатты аялауға және тазалық сақтауға шақырады
ШҚО-да "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында туристік полиция қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп азаматтардың жаппай демалыс орындарында профилактикалық іс-шаралар өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейд барысында полицейлер демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын еске салды. Жағажайларда тазалықты сақтауға ерекше назар аударылуда. Азаматтарға арттарынан қоқыс қалдырмау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы контейнерлерге тастау және табиғатты аялау қажеттігі түсіндірілді.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары қоғамдық орындардағы қағидаларды түсіндіріп, тазалықты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Әрбір демалушының жауапкершілігі жағажайлардың таза, жайлы әрі қауіпсіз болуына өз үлесін қосады.
Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарын экологиялық мәдениетті сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және демалыстан кейін міндетті түрде қоқысты жинап кетуге шақырады.
