Маңғыстауда оқушыларға самокатпен жүру мәдениеті түсіндірілді
Маңғыстау облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы балалардың жолдағы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында электрсамокаттардың қатысуымен орын алуы мүмкін жол-көлік оқиғалары жапондық оқыту әдістемесі негізінде көрнекі түрде көрсетілді. Арнайы қойылымдар арқылы жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдары, самокатты дұрыс пайдаланбаудың қаупі және жолдағы жауапкершіліктің маңызы балаларға әсерлі әрі түсінікті форматта жеткізілді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері балаларға жолды тек арнайы белгіленген қауіпсіз жерден кесіп өту, көлік құралы толық тоқтағаннан кейін ғана қозғалу, самокатпен жүрген кезде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және айналадағы жағдайға үнемі мұқият болу қажеттігін жан-жақты түсіндірді.

Мамандар мұндай тәжірибелік іс-шаралардың негізгі мақсаты – балалардың жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, олардың жауапкершілік деңгейін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу екенін атап өтті.
Полиция ата-аналарды балаларымен жол қауіпсіздігі тақырыбында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады. Өйткені әрбір сақталған өмір – қоғам үшін баға жетпес құндылық.
