Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицей ауладағы алабайды атып тынды

Қызылордада учаскелік полиция инспекторының көмекшісі мен оның әріптесі жеті жасар баланы қабаған иттен құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

14 наурыз күні сағат 12:00-де полиция бөлімшесіне Арал қаласының тұрғыны келіп, үй жанында белгісіз ит оның жеті жасар ұлын қауып алғанын хабарлаған.

Оқиға орнына наряд қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Алтынтас Нұрпейісов пен Нұркен Ермағанбетов жетті.

Оқиға орнына келген кезде полицейлер үй қасында алып алабайдың жан баласын қозғалтпай тұрғанын көреді. Тіпті ит қауып алған баланы ауруханаға жеткізу үшін шақырылған “Жедел жәрдем” қызметкерлері үйден шыға алмай тұрған.

Босап кеткен ит көше бойында өтіп бара жатқан адамдарға, балаларға қауіп төндіргендіктен учаскелік полиция инспекторының көмекшісі алабайды адам жүрмейтін жерге апарып, табельдік қарумен атып тастауға мәжбүр болды.

Бала шұғыл түрде аурухананың “травмотология” бөліміне жеткізілді, оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ит иесін анықтау үшін тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды.

Табельдік қаруды қолдану фактісі бойынша жүргізілген тексеру қорытындысы полиция қызметкері азаматтардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жануарды залалсыздандыру үшін заң шеңберінде әрекет еткенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру