Екібастұз полицейлері инсульт алған ер адамға көмектесті
Павлодар облысы Екібастұз қаласының полицейлері инсульт алған азаматқа көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 12 қаңтарда сағат 09.00 шамасында Павлодар облысы Екібастұз қаласының патрульдік полицейлері Абай көшесінде баяу жүріп келе жатқан 45-50 жас аралығындағы ер адамды байқаған. Полиция қызметкерлері онда инсульт болуы мүмкін деген болжаммен жедел жәрдем шақырған.
Жедел жәрдем жеткенше полиция қызметкерлері ер адаммен сөйлесуге тырысты. Ауруханаға жеткізілген азаматқа «Инсульт» диагнозы қойылды. Ер адамның өзімен бірге құжаттары болған жоқ, әрі тілі күрмеліп, сөйлей алмайды. Әзірге аталған азаматтың жеке басы анықталған жоқ. Егер Сіз оны танысаңыз, «102» нөміріне қоңырау шалыңыз.
– Қазіргі таңда өңірде ауа температурасы -35°-қа дейін жетті. Осыған байланысты, өңір полицейлері қиын жағдайға тап болған немесе дәрменсіз адамдар мен жүргізушілерді анықтау үшін қала көшелерінде жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, олар алкогольдік мас күйдегі адамдарға және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ тұлғаларға көмектеседі, – деді Екібастұз қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Қайыржан Шәкәрғалиев.
Екібастұз полицейлері күн суытқалы қабылдау – тарату орнына белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 32 адамды, Екібастұз қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына (медициналық айықтырғыш) қоғамдық орындарда мас күйінде болған 2039 адамды орналастырғанын хабарлады.