Екібастұзда полиция қызметкерлерінің гарнизондық сапқа тұрғызуы өтті
Екібастұз қаласында полицияның саптық алаңында жеке құрамның гарнизондық сапқа тұрғызуы өтіп, қызметкерлердің қызмет атқаруға әзірлігі мен саптық дайындығы тексерілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Гарнизондық сапқа тұрғызуды Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Кәрімжанов өткізді. Сапқа учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция қызметкерлері, арнайы бөлімше және кинологиялық қызмет мамандары тұрды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды.
Жеке құрам алдында сөз сөйлеген Қанат Кәрімжанов полиция қызметінің негізгі міндеттері – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау екенін атап өтті. Бұл міндеттерді сапалы орындау қызметтік тәртіпті, жоғары жауапкершілікті және заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды талап етеді.
Сап барысында қызметкерлерге өңірдегі жедел ахуал туралы ақпарат жеткізіліп, іздеуде жүрген адамдар мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтарға қатысты қажетті бағдарлар берілді. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер айқындалды.
Гарнизондық сапқа тұрғызу барысында бөлімшелердің қызмет атқаруға дайындығы тексеріліп, қызметкерлерге алдағы міндеттер нақтыланды.
Іс-шара салтанатты шерумен қорытындыланды. Саптық дайындық полиция қызметкерлерінің ұйымшылдығы мен жоғары тәртібін тағы бір мәрте көрсетті.
