Eрікті азаматтар алғыс айту күніне орай жәрдем көрсетті
Шығыс Қазақстан облысында ерікті азаматтар алғыс айту күніне орай жәрдем көрсетті,-деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жыл “Еріктілер жылы” болғандықтан республикамыздың түкпір-түкпірінде әр түрлі шаралар жүзеге асуда. Адамдарға пайдаңды тигізіп, кез келген істі өз еркімен, ешкімнің мəжбүрлеуінсіз, шын көңілмен атқаратын адамдардың әрекеті –қайырымды қоғамның бейнесі іспетті.
ШҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Зайсан аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері мен демеуші азаматтардың бірлескен көмегі болды. Олар екі отбасына азық-түлік, балаларға аяқ-киім сынды қажетті заттар жеткізіп берді. Тыл ардагері мен көп балалы ананың үйлеріне келіп, жүрек жылуын сездірген ерікті азаматтарға ерекше алғыстарын білдірді. Иә, өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда.
Зайсандық азаматтардың да осындай қайырымды істері ауданның кең пейілді тұрғындарына мейірім эстафетасы болып жалғасса деп ойлайсың. Өйткені жақсылық жасау – қазақ халқының қанында бар қасиет.