Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Германия тұрғыны СҚО ПД мұрағатының қызметкерлеріне алғысын білдірді

СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевтың атына Германиядан алғыс хат келіп түсті. Алғыс қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарының тағдырын анықтауға көмектескен облыстық полиция ведомствосының Арнайы мемлекеттік мұрағаты қызметкерлеріне арналған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Лилия Нельде Петропавл педагогикалық колледжінде жиырма жылдан аса қызмет атқарып, 2000 жылы тарихи отанына қоныс аударған.

– Мен мұрағат қызметкерлеріне өз отбасымның тарихын зерделеу мәселесімен жүгіндім. Мұнда жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы қуғын-сүргінмен байланысты тағдырдың бастан өткерген ауыртпалықтары жатыр, — деп жазады ол.

Лилия Нельденің туыстары жайлы мәлімет 1930-50 жылдары заңсыз сотталған және кейін ақталған солтүстікқазақстандықтарға қатысты 5364 қылмыстық істің арасында сақтаулы. Нельде отбасындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша жұмыс бірнеше айға созылды. Лилия Александровна қуғын-сүргінге ұшыраған жеті туысы жайлы мәлімет алды. Оның біреуі атылып, қалғаны 10 жылға лагерьге қамалған.

– Бүгінгі таңда Қазақстанда, Ресейде және Германияда тұрып жатқан біздің үлкен отбасымыздың барлық мүшесінің атынан мұрағат қызметкерлеріне, әсіресе Эльмира Рафаильевна Валиулинаға рахмет айтамын, оның жауапкершілігіне, шыдамдылығына, әдептілігіне, адамдарға деген кішіпейілділігі мен құрметіне, проблеманы жете түсініп, оны нақты және уақтылы шешуге жәрдемдескені үшін алғыс білдіремін, — дейді өз хатында әйел.

– 2014 жылы облыстық ҰҚКД полиция ведомствосына қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты қылмыстық істерді тапсырған уақыттан бастап біздің көмегімізбен 130-дан астам адам отбасы тарихы жайлы толығырақ білді.  Айта кететін болсақ, бүгінгі таңда Лилия Александровна төрт сұрау салу жіберген, олар 1938 жылы тұтқындалған ағасы мен атасына, отбасының басқа да мүшелерімен туыстық қатынастарын растауға қатысты болды. Тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша жұмыс жалғасатын болады, – дейді Арнайы мемлекеттік мұрағаттың бас маманы Эльмира Валиулина.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру