Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Мемлекеттік бағдарлама арқылы жәрдемақы алып беремін”: алаяқтың әрекеті әшкереленді

Түркістан облысының полицейлері тұрғынға “жәрдемақы шығарып беремін” деп алаяқтық жасаған мұғалімді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төлеби АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, мамыр айының басында өзіне жақын таныс емес адам, алаяқтық жолмен алдап, сеніміне кіріп, торға түсірген. Яғни, “мемлекеттік бағдарлама арқылы жәрдемақы алып беремін” деп, 100 мың теңгесін алып, алайда ешқандай жәрдемақы алып бермеген. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Түлкібас ауданының полицейлері тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен алаяқты қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Жәбірленушіден жауап алу барысында, күдіктінің жеке-басын анықтады, мұқият тексеру жұмыстары жасалды. Нәтижесінде полицейлер күдікті әйелді анықтап, ұстады. Ол жергілікті тұрғын, аудандағы мектептердің бірінің мұғалімі болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, ол тұрғынның сеніміне кіру арқылы жылдық жәрдемақысын толығымен әперемін деп уәде берген. Ал, алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік жеңілдетілген жәрдемақыларды алып беремін деп алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, ақыр соңында полицейлердің көмегіне келіп жататындар көбеюде. Сондықтан, Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егерде сіз осындай қылмыстардың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісі “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру